
zhorga.kz





Теңіз тасбақалары (лат. Cheloniidae) - тасбақалар отрядына жатады. Сауытының ұзындығы 80 с-ден 1,4 м дейін, салмағы 600 кг. Сауыты сүйір, аласа, мүйізді қалқаншалармен қапталған. Басы кішкентай, мойыны сауытына толығымен кірмейді. Алдыңғы аяқтары артқыларынан ұзын, ескек тәрізді, жүзуге бейімделген, 1-2 тұяғы бар. Тропикалық және субтропикалық теңіздерде 4 туыстың 6 түрі таралған. Жылдам жүзеді, тереңге сүңгиді. Қорек және көбеюге жарамды жер іздеп жүздеген шақырым жерге жүзіп барады. Олар тек жұмыртқа салу үшін ғана құрлыққа шығады, (200- ге дейін домалақ, сырты терімен қапталған жұмыртқалар). Қоректері ұлулар, балықтар, теңіз балдырлары. Ең ірісі жасыл теңіз тасбақасы (Chelonia mydas), сауытының ұзындығы 1,4 м, салмағы 600 кг. Саны азайған, өйткені оны еті, жұмыртқасы және сауыты үшін аулайды. Сондай-ақ ірі түрінің бірі логгерхед немесе үлкенбас тасбақа. Барлық 6 түрлері ХТҚО Қызыл кітабына енгізілген.
Құрлық тасбақалары , дала тасбақасы, Қазақстан шөлдеріндегі тасбақалар отрядының жалғыз өкілі. Ортаазиялық тасбақа деп те атайды. Аналығының ұзындығы 20см, салмағы 2,5кг, аталықтары кішілеу. Сүйекті сауыты қауіп төнген кезде басы мен аяқтарын жинап жасырынуға ыңғайлы. Ол құрлық тасбақаларын жыртқыштардан жақсы қорғайды. Бірақ кейбір қырандар тасбақаны биіктен тасқа лақтырып , сауытын жаруға машықтанған. Сауыты қатпаған кезде , жас құрлық тасбақаларын қарғалар да шоқып тастайды. Жағындағы мүйізді қаптары өсімдіктермен қоректенуге мүмкіндік береді. Құрлық тасбақалары не бары 3-4 ай, наурыздың соңынан маусымның соңына дейін, көбіне күндіз белсенді, қалған уақыттарында құмға 2м тереңдікке дейін көміледі де, ұйқыға кетеді. Сәуірде шағылысады. Аналығы сәуір-мамыр айлары аралығында екі рет 1-4 жұмыртқасын жердегі шұңқырларға салады. Олар көбіне құстар мен жыртқыштардың қорегіне айналады, сондықтан шөлде тасбақа жұмыртқасының қабығын көптеп кездестіруге болады. Жұмыртқаны жарып шыққан жас тасбақалар өз бетінше тіршілік етеді.
Батпақ тасбақасы[2] (лат. Emys orbicularis) - тұщы су тасбақалары тұқымдасына жатады. Ол Қазақстанда Жайық өзенінің аңғарында, Арал өңіріндегі, Ырғыз, Торғай өзендерінің жағалауларындағы батпақты жерлерде таралған. Сауытының түсі жасыл көк, біртегіс, сарғыш дақтары, сызықтары болады, ұзындығы 25 см. Басында, мойнында, аяғында да ұсақ сары дақтары бар. Құйрығының ұзындығы сауытының жартысындай болады. Суда жақсы жүзеді әрі сүңги алады, қауіп төнген кезде су түбіндегі лайға тығылады, кейде құрлыққа да шығады. Батпақ тасбақасы су, құрлық жәндіктерімен, кейде өсімдіктермен де қоректенеді. Ол 6 – 8 жылда жыныстық жағынан жетіледі. Жылына 2 – 3 рет су түбіне шағын шұңқыр қазып, жұмыртқасын (5 – 10) сонда салады. 2 – 3 айдан соң ұрпағы жұмыртқадан шығып, батпақ арасында қыстайды, келесі жылы көктемде жер бетіне шығады. Батпақ тасбақасы кейбір елдерде тағам ретінде пайдаланылады. Зиянды жәндіктермен қоректеніп пайда келтіреді.
